Шымкент қаласында Рысқұлов пен Қонаев көшелерінің қиылысындағы жолайырық құрылысының бірінші кезеңі аяқталды. Енді 20 қаңтардан бастап ірі жолайырық құрылысының екінші кезеңі басталады, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz қала әкімдігінің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл кезеңде жол жабынын бұзу, инженерлік желілерді ауыстыру, тіреу қабырғаларын бетондау, жол өтпесін және жол жамылғысын салу жұмыстары жүргізілетін болады. Құрылысты «Bazis Construction» ЖШС жүргізеді. Қазіргі уақытта нысанда газ, су құбыры және электр желілерін ауыстыру, сондай-ақ тоннельдегі тіреу қабырғаларын құю бойынша құрылыс жұмыстары атқарылуда.
Бүгінге дейін 26,5 шақырым инженерлік желілердің 3,4 шақырымы немесе 13 пайызы ауыстырылған. Электр желісінің 10 бағанасы, құйылуы тиіс 105 қадалардың 75-і, болашақ тіреу қабырғаларының 986 метрінің 50 метрі орнатылыпты.
Айта кетейік, екінші кезең құрылысының басталуымен Қонаев даңғылында Жандосов көшесінен Рысқұлов көшесіне дейін және Бәйдібек даңғылында Рысқұлов көшесінен Дулати көшесіне дейін қозғалыс толығымен жабылып, ашық типтегі тоннель бөлігінің құрылысы басталады.