«Білімді ұрпақ – елдің ертеңі. Олардың саналы тәрбиесі мен сапалы білімі – Қазақстанның келешектегі кемелдігіне кепіл», – деп атап өткен еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің бұл сөздері елдегі білім саласына ерекше серпін беріп, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасаудың қаншалықты маңызды екенін айқындайды. Осы мақсатта елімізде қосымша білім беру ұйымдарының жұмысы жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Соның айқын бір көрінісі – Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты «№2 Оқушылар сарайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны.
Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ашылған №2 Оқушылар сарайы – бүгінде қаладағы ең заманауи қосымша білім беру мекемелерінің бірі. 2023 жылдың 1 тамызынан бастап жұмысын бастаған ғимарат бір мезетте 500 баланы қабылдап, түрлі үйірмелермен қамтуға мүмкіндік береді.
Аумағында футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, жазғы спорт пен балалар ойын алаңдары бар. Ал 2026 жылдың басында пайдалануға берілетін жабық спорт ангарынан кейін жасөспірімдер қыс мезгілінде де спортпен жүйелі түрде айналыса алады. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауының арқасында жабық ангар соғу мәселесі шешімін тауып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
КЕДЕРГІСІЗ ОРТА – БАРЛЫҚ БАЛАҒА ТЕҢ МҮМКІНДІК
Оқушылар сарайының тағы бір ерекшелігі – ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға жасалған жағдай. Ғимарат пандус, тактильді жолақ, Брайль қарпіндегі көмек шақыру жүйесімен, арнайы дәретханалармен және лифтілермен жабдықталған. Бұл – инклюзивті білім беру саясатының нақты іске асқан көрінісі.
Балалардың өмір қауіпсіздігі үшін мекемеде заманауи бейнебақылау жүйесі, өртке қарсы дабыл, газды автоматты сөндіру, эвакуацияны басқару құралдары орнатылған. Үш кіреберісте бет тану турникеттері орнатылып, ата-ана мен ұстаздардың алаңсыз болуына жағдай жасалған.
№2 Оқушылар сарайы қаладағы қосымша білім беру ұйымдарының арасында өзінің ғылыми-техникалық бағыттағы ерекше базасымен дараланады. Мұнда ІТ технология, робототехника, 3D модельдеу, биотехнология, химия-биология зертханалары Германиядан әкелінген құрал-жабдықтармен жабдықталған. Соңғы жылдары балалар арасында гидропоника үйірмесі зор қызығушылық тудырып отыр. Оқушылар топырақсыз ортада өсімдік өсіру әдістерін меңгеріп, заманауи агротехнологиямен танысуда.
СПОРТ ПЕН ӨНЕРГЕ КЕҢ ӨРІС
Мұнда 16 түрлі спорт үйірмесіне 2675 бала қатысады. Жүзу бассейнінде 810 оқушы мен 182 ерекше бала шынығып жүр. Бүгінгі күнге дейін қаладағы қосымша білім беру ұйымдарында жүзу бассейндері болмаған. Біздің оқушылар сарайында соңғы үлгідегі заман талабына сай 2 бассейн іске қосылған. Сонымен қатар, ерекше балаларымыз үстел теннисіне, сурет салу үйірмелеріне қатысып келеді. Заманауи үлгідегі құрылғылармен жабдықталған фитнес залына да оқушылар аса қызығушылықпен қатысуда.
Жаңа форматтағы тележурналистика, мобилография, фото-видео монтаж үйірмелерінде оқушылар тәжірибесін шыңдап қана қоймай, республикалық басылымдарға мақала жариялап, жергілікті телеарналарда бағдарлама жүргізуде. Бұл істері ата-аналар тарапынан да қолдау тауып, оқушылар тәжірибелік сабақтарын табиғат аясында, сондай-ақ, қала тұрғындарынан сұхбат алу, сауалнама жүргізу арқылы өткізуде. Жыл басынан бері оқушылардың 40-қа жуық мақаласы Республикалық «Ұлан» және жергілікті басылым «Шымкент келбеті» газеті мен «Ақылдым» балалар журналында жарық көрді.
Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында сарай жанынан «QYZYQ LIFE» алаңы ашылып, онда спорттық жарыстар, ұлттық ойындар, танымдық викториналар, поэзия кештері, өнер байқаулары мен шығармашылық сайыстар өткізілді. Оқушылардың жазғы белсенділігі әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланып, ата-аналар мен қала тұрғындарының қызығушылығын арттырды.
Ұстаз еңбегі – ұлт болашағына қосылған асыл қазына. №2 Оқушылар сарайы осы жолда алдыңғы қатардан көрініп, жас ұрпақтың кемел келешегіне қызмет етіп келеді. Оқушылар сарайы – Шымкент қаласындағы қосымша білім берудің жаңа деңгейін айқындайтын бірегей орталық. Мұнда әр баланың бойындағы талант пен қабілет ашылып, шығармашылық пен ғылымға деген ынтасы арта түсуде. Президенттің жоғары бағасы, халықаралық ынтымақтастық, ғылыми жобалар мен мәдени-рухани шаралар – барлығы да бұл мекеменің елдің білім беру кеңістігіндегі маңызын айқындайды. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Жаңа Қазақстанның болашағы – білімді әрі бәсекеге қабілетті жас буынның қолында».