Бүгін Шымкент қаласындағы №2 Қалалық перинаталдық орталығында ерекше қуаныш пен жылулыққа толы бір сәт болды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған шара барысында қалалық ҚХА мүшелері жаңа туған сәбилерді перзентханадан салтанатты түрде шығарып, жас аналарға естелік сыйлықтарын табыстады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы әрқашан этносаралық келісім мен достықты нығайту үшін өз қызметін жалғастырып келеді. Бүгінгі шара да осы ұлы мақсатқа қосылған тағы бір қадам болып табылады.
Перинаталдық орталықта жиналған ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері әртүрлі ұлттардан болса да, бәрі бір мақсатпен – жас аналар мен жаңа туған сәбилерге қуаныш сыйлау, оларға ақ тілекпен үлкен өмірге жол ашу үшін жиналды.Іс-шара барысында Наталья Романова, Тахирбек Нишанбаев, Гаухар Төлепова, Наира Мовсисян, Елена Папуциди сияқты этномәдени бірлестіктердің жетекшілері сөз сөйлеп, жаңа туған нәрестелердің денсаулығын, жарқын болашақтарын тіледі. Денсаулық сақтау саласының өкілдері де осындай рухани қолдаудың жас аналар үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтіп, мейірбикелер де аналармен бірге қуаныштарын бөлісіп жүрді.
Сәбидің дүниеге келуі – тек бір отбасын ғана емес, бүкіл қоғамды қуанышқа бөлеу. Өйткені әр жаңа туған бала – елдің болашағы, мемлекеттің ертеңгі тірегі. Көпұлтты халқымыз үшін осындай игі бастамалар қоғамдағы ынтымақ пен татулықты одан әрі нығайта түседі.
Бүгін перзентханадан шыққан әрбір сәби тек ана махаббатынан емес, тұтас еліміздің мейірімінен де үлес алып, өмір жолында үлкен жетістіктерге жетеді. Олардың болашағы жарқын болсын, өмірі нұрлы болғай!