Қалалық қан орталығында Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына орай «30 мерейлі күн» жоспары аясында «ӨЗГЕГЕ ӨМІР СЫЙЛА» ұранымен ерікті қан тапсыру акциясы ұйымдастырылды.
Шараға қала тұрғындары мен еріктілер белсенді қатысып, 70-ке жуық азамат донор болды. Жиналған қан қорын өміріне қауіп төнген науқастарға көмек көрсету үшін пайдалану көзделуде.
Қалалық қан орталығы барлық қатысушыларға ризашылығын білдіріп, донор болудың – өзгеге өмір сыйлаумен тең екенін атап өтті.
Қан тапсыру – адам өмірін құтқаратын ең ізгі істердің бірі. Донордан алынған қан түрлі ауыр жарақат алған науқастарға, босану кезінде қиындыққа тап болған аналарға, қан жетіспеушілігімен ауыратын балалар мен ересектерге қолданылады. Әрбір тапсырылған бір ғана донор қаны үш адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Сонымен қатар, қан тапсыру донордың өз денсаулығына да пайдалы. Бұл ағзаның қан айналымын жақсартып, жаңа қан түзілуін ынталандырады, жүрек-қан тамыр ауруларының алдын алуға көмектеседі.