1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі мерекесінде үшінші мегаполисте «ShymQala» этноауылы ашылды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Салтанатты іс-шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов пен әкімнің орынбасарлары, аудан әкімдері, қалалық мәслихаттың депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы аясындағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиналған көпшілік алдымен Тәуелсіздік саябағында көшеттер екті. Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымақтастығы құрметіне 70 көшет отырғызылды.
Бұдан кейін көпшілік этноауылдың ашылуына қатысты. Қонақтарды мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенова қарсы алып, таныстырды. Әкім бастаған топ ұлттық аспаптар, қолөнер бұйымдары, кілем-тоқыма бұйымдары шеберлеріне бөлінген киіз үйлерге бас сұғып, шеберлердің жұмыстарымен танысты. Этноауылда бұған қоса алып тайқазан, киіз үй үлгісіндегі концерт залы, қолөнершілер ауылы орналасқан.
Этноауылдың алғашқы қонақтары садақ ату алаңшасында жебе атып, туристік орталықтың жұмысымен танысты.
- Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Қазақстан әлемде баламасы жоқ Ассамблея құрып, дүние жүзіне үлгі болып отыр. Ал бүгінгі ашылған «ShymQala» этноауылы үшінші мегаполистің үлкен жаңалығы болып отыр. Қаламызға келген қонақтарды ең алдымен осында алып келу керек. Бұл кешен Шымкенттің туризм әлеуетін жаңа белеске көтереді деп сенеміз, - деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Айта кетейік, алып кешенде екі негізгі туристік бағыт бар. Екеуі оңтүстік және шығыс қақпалардан басталады. "Этноауылды қала тұрғындары ерте көктемнен күзге дейін, дүйсенбі мен жексенбі аралығында келіп, тамашалай алады", - дейді қалалық әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы Бейбітжан Мүслимов.
Фото: Ернар Мамыр