ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы карантин жағдайында айт намазының оқылуы туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Shymkentaqparat тілшісі
Бас мүфтидің сөзінше, 20 шілде – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні. Барлық ниет еткен жандар 20 шілде сағат 08:00-дан бастап «сары», «жасыл» аймақтағы өңірлерде алдын ала жазылған тұлғалар, белгіленген уақытта бекітілген арнайы орынға барып офлайн форматта құрбан шалады.
–Баршаңызды күллі исі мұсылман баласы асыға күтетін ұлық мейрам – Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын! Айттарыңыз қабыл болсын! Сіздерге Алладан амандық, мықты саулық, мол ырыс пен бақ-береке тілеймін! Құрбан айт намазы 20 шілдеде таңғы сағат 07.00-де қатаң санитарлық-эпидемиологиялық норма талаптарын сақтай отырып, «сары», «жасыл» аймақтағы мешіттердің аумағындағы ашық ауада 10 минут оқылады, - деді бас мүфти.
«Қызыл» аймақта Құрбан айт намазын оқу жергілікті санитарлық мемлекеттік бас дәрігердің Қаулысына сәйкес жүзеге асырылады. Ал арапа күні 19 шілдеге сәйкес келеді.
Айта кетсек, Қазақстан халқы Құрбан айт мекерекесінің бірінші күні 20 шілдеде ресми демалады.
Фото: Ашық дереккөз