Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев аудандағы «Абдулхамит Қаттани» мешітінің наиб имамы Ержігіт Досымбаев пен «Ізгілік» қайырымдылық қорының қызметкері Нұрсұлтан Қарсыбаевты Рамазан айында өткен қайырымдылық іс-шараларға белсене қатысқаны үшін алғысын білдірді, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Ауданда аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар қол ұшын берер қайырымдылық кәсіпкерлер мен депутаттардың демеушілігі есебінен тұрақты түрде ұйымдастарылып келеді.
Атап айтар болсақ, «Ұлыстың ұлы күні - Наурыз» мерекесі қарсаңында «Халық» қайырылымдылық қорының демеушілігімен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 314 отбасыға азық-түлік себеттері үлестірілді.
Аудан әкімдігінен көмек сұраған 1023 отбасының тізімі жасақталып, «Қаттани» мешітіне берілді. Бұл отбасыларға мешітте азық-түлік тарату жұмысы күнделікті жүргізілді.
Ал Рамазан айында аудандағы 1150 отбасыға азық-түлік себеті таратылды. Сондай-ақ, 7 отбасыға қатты отын және 4 отбасыға қаржылай көмек көрсетілген. Сонымен бірге «ERG» компаниясы және «Халық» қайырымдылық қоры демеушілігінің арқасында мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 500 отбасыға азық-түлік себеті тарту етілді.
Кездесуде аудан әкімі Рашид Мамытұлы жақсылық жасап жарысып жүрген аудан азаматтарына Құрбан айт мерекесі қарсаңында қандай игі істер жоспарлап отырғанын алға тартып, бұдан кейін де қайырлы шараларда бірлесе атқаруға шақырды.