Қасиетті Рамазан айында Шымкент қаласында 32 мыңнан аса мұқтаж отбасыға азық-түлік өнімдері таратылды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
«Рамазан – қайырымдылық айы» акциясы қасиетті айдың соңына дейін жалғасты. Бұл игі бастама «Шымкенттің қайырымды қала» екенін көрсетті. Акция аясында 32 000-нан аса мұқтаж отбасыға азық-түлік қораптары мен 42 000-нан астам адамға ауызашар себеті үйлестірген. Бүгін соңғы күннің өзінде «Ақмешіт» орталық мешітінде 500 отбасыға азық-түлік қораптары таратылды.
– «Рамазан – қайырымдылық айы» акциясы ай басынан бері бүгінгі күнге дейін өткізілді. Қайырымды айдың әр күнінде 1 000-нан аса отбасыға көмек көрсетіп, азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз еттік. Бұл республикадағы үздік көрсеткіш. Себебі осы уақытқа дейін басқа өңірлер 5-10 мың отбасын қамтамасыз етсе, бізде 30 мыңнан асып кетті. Бұл игі іске демеушілік танытқан қала әкімдігіне, мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлерге алғысымызды білдіреміз,- деді қаланың бас имамы Бақдәулет Әбідрахманов.
Сонымен қатар қаланың бас имамы қала тұрғындарын келе жатқан Ораза айт мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Шымкент қаласы әкімдігі мен қаладағы мешіттердің ұйымдастыруымен қолға алған игі шара алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Фото: Самат Мырзалиев